A - Размер шрифта A +

Әдістемелік десант

Білім берудің басым құндылықтары негізінде тұлғаны кәсіби қалыптастырудағы колледж жұмысын жүйелеудің жолдары

2017 жылдың 28 ақпан мен 2 наурыз аралығында Талдықорған қаласы, Қ. Байсейітов атындағы саз  колледжінде «Кәсіби, білікті мамандарды  қалыптастыруда жаңашыл әдістер мен формаларды тәжірибеде қолданудың жолдары» мақсатында әдістемелік десант жұмысы ұйымдастырылды. Жоспарлы жұмысын бастаған мобильді топ құрамы ұжыммен кездесіп, әдістемелік десант жұмысының мақсат-міндеттерін,  бағыты мен күтілетін нәтижесін түсіндіре отырып, 4 курс білімгерлерінің білім сапасын айқындау мақсатында  «Фортепиано, Үрлемелі аспап, Қазақ халық аспаптары, Орыс халық аспаптары, Хорда дирижерлік ету, Ән салу» мамандықтары бойынша 25 білімгердің бағдарламаларын тыңдады. «Қазақ халық аспаптары» мамандығындағы Айтжан Әли, Болатов Бауыржан Айтқали Жамиевтің «Отпантау», «Шалқыма», қобызшылардан Темірғалиева Наргиз П.И. Чайковскийдің «Русский танец», «Ән салу» мамандығынан Калимолдинова Индираның  шығармалары  сәтті орындалды.

Бұдан әрі  топ мүшелері келесі жұмысты  оқытушылардың сабақтарына қатысумен жалғастырды. 28ақпан мен 02 наурыз аралығында жалпы саны 16 сабаққа қатысып, топтық, жекелей жұмыстардың жүргізілуі толығымен зерделенді.  Нәтижесінде 1 наурыз  күні мобильді топ мүшелері әдістемелік кемшіліктерді саралап, тәжірибені жетілдіру негізінде әріптестеріне мастер-класс көрсетті.

Тәжірибелік алаң барысында  бірінші болып П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің әдіскері Фарманова Айгерім Берікқызы жоспарлау құжаттарына енгізілген  өзгерістерді және оны жүйелі жүргізудің жолдары бойынша толық мәліметті өзіндік тәжірибенің негізінде көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, Қаскелең мәдениет колледжінің арнайы пән оқытушысы Жұмақанова Ақбота Маратқызы «Музыка пәндерінде инновациялық технологияларды пайдалану қажеттілігі» тақырыбында оқытушының автоматтандырылған жұмыс орнының, интерактивті тақтаның мүмкіншіліктерін айта келе, мультимедиялық технологияны музыка пәндерінде қолданудың ерекшелігін, білім алушылардың  жұмыс істеу әрекеттерін, білім, білік деңгейлерінің қалыптасуын, тапсырмаларды орындау мүмкіндіктерін және ең бастысы әр түрлі типтегі ақпаратты біріктіріп ұсыну кезінде көрініс алған  нәтижелерді  шынайы тәжірибеден ұсынды. Ал Тоқбергенова Құндыз Жолтайқызы «Қобыз аспабында музыкалық шығармаларды орындау ерекшелігі» тақырыбында тәжірибеде қолданылып жатқан әдіс-тәсілдерді төмендегі бағытта баяндады.  Музыкалық шығармаларды талдау кезінде автор ойын жеткізу үшін  орындаушылық шеберлікті, тәжірибелік жұмыста  ырғақ, екпін, тональдық, динамикалық белгілерді дұрыс бөлу және   музыкалық шығармаларды талдау тәсілдері арқылы дағдыны қалыптастыру нота дыбыстарын таза ойнауға жетелейтінін алға тартса, Сарқан гуманитарлық колледжінің арнайы пән оқытушысы Қасымбекова Кенжегүл Абдрешқызы мәдени шараларды өткізу кезінде көпшілікпен жүргізілетін ойындардың өзіндік мүмкіндіктерін «Ойлы адам оза береді» деген тақырыпта көрсетті. Аудиториға  берілген тапсырмалар түрлі пікірлерді туындатып, тәжірибенің шыңдалуына тағы бір тың бағыттарды туындатты. 

Бизнес, құқық және жаңа технологиялар колледжінің педагогика, психология пәндерінің оқытушысы Жұмаділова Сауле Мәуленқызы жаңартылған білім беру мазмұнындағы өзгерістерді баяндай келе, қолданылып жатқан әдіс-тәсілдердің мүмкіндіктерін арнайы тапсырмалар арқылы оқытушылардың өздігінен қорытынды шығару мүмкіндігін туындатты.

2 наурыз күні үш күндік жұмысты саралаған мобильді топ мүшелері ұжыммен арнайы дөңгелек үстел өткізіп, әріптестерінің ұсыныс, тілектеріне назар аударып, нәтижесінде   атқарылған жұмыстың  қорытындысын шығарып, ұжымның алдағы жұмыстарына шығармашылық ізденіс тіледі.



 

© 2018. Барлық құқықтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген қорғалған.
Әзірлеуші